Дене шынықтыру мен спорттың бұқаралық сипатын дамытып, халқымыздың салауатты өмір салтын жаңғырту – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Бұған мемлекетімізде барынша қолдау жасалып келеді. Жергілікті жерде адамдардың спортпен, дене шынықтырумен шұғылдануына қажетті нысандардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға да ерекше көңіл бөлінуде. Ауылдарда жаңа спорт алаңдары салынып, бұрынғы жаттығу залдары күрделі жөндеуден өткізілуде.
Бұл бағыттағы істерді өрістетуге кәсіпкерлер қауымы да бет бұра бастады. Бұған бір мысал жазиралы Жаркент өңіріндегі Қоңырқойнау баурайында орналасқан Тұрпан ауылының тұрғындарының өз ауылын өздері көркейтуге ден қойғаны. Өткен жылы қазан айында осы ауылдың тумалары Жалғас, Жандос есімді ағайынды кәсіпкер азаматтар жерлестеріне спорт сарайын салып беруге ынта білдіріп, ауыл орталығындағы бос жатқан 500 шаршы метр алаңға құрылыс қазығын қаққан болатын. Мақсатты іс үстіміздегі жылдың наурыз айынан бастап ұйымшылдықпен жүргізіліп, Жұмақан Нұржауов басқарған ауыл азаматарынан құрылған құрылыс бригадасы сапалы, қарқынды жұмыс жасады. Құрылыста Жұмағали Әуелханұлы, Ақиық Серікұлы, Ернар Тоқтарбекұлы, Дастан Талғатұлы тағы басқа ауыл азаматтары тұрақты еңбек етті. Спорт сарайының жылу жүйесін Серік Садыбекұлы жасады. Сөйтіп Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық тойы аясында кәсіпкер азаматтар Жалғас пен Жандос Алтынбековтер ауылдастарына тарту еткен «Тұрпан күрес мектебінің» ашылу сәті Тұрпан ауылында салтанатты түрде өткізілді.
Салтанатты сәтте облыстық Спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев, Панфилов аудандық Ішкі саясат бөлімінің басшысы Марат Илипов, спорт ардагері Ардақ Назаров, Панфилов аудандық Ардагерлер ұйымының төрағасы Тоқтарбай Керімқұлов, өңірдегі белгілі кәсіпкер Тасқын Жапарқұл, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Күлғайша Бердіғұлова, тағы басқа да алыс-жақыннан келген құрметті қонақтар бір уақытта 60 балуан бала жаттығу жасайтын спорт залы мен жаттығу, шағын футбол алаңдарын салып берген «Жаркент-Алғыр» ЖШС құрылыс ұйымының директоры Жалғас Дәулеткелдіұлы мен оның бауыры Жандосқа алғыс сезімін жаудырды. Шара барысында облыстық Спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев Жалғас пен Жандосты «Алматы облысы спортына үлес қосқаны үшін» төсбелгісімен және олардың аналары Жанарқан Жұмабаева мен Гүлнар Жүнісоваға республикалық «Спорт» журналы редакция алқасының шешімімен берілген «Ата-ана даңқы» орденімен марапаттады. Сондай-ақ жомарт жандар мен құрылысқа үлес қосқан азаматтар аудан әкімінің «Құрмет грамоталарымен», «Алғыс хаттарымен» марапатталып, басқа да сый-сияпаттар жасалды.
Айтпақшы, осы Жалғас пен Жандос Сарыбел ауылдық округінің кіреберіс шекара шебіндегі жотаға биіктігі 30 метрлік Қазақстан туын желбіретіп, мұны да Тәуелсіздіктің 30 жылдық тойына тарту еткенін айтып өткеніміз абзал. Үстіміздегі жылы Қазақстан Републикасының Рәміздер күні мерекесінде құрылысы жүріп жатқан Спорт мектебінің ауласына биіктігі 13 метрлік Ту тұғырын орнатып, ел туын желбіреткен болатын. Ауылда салынған жаңа мешіт үйінің құрылысына да мол қаржы бөліп, ауылдастарына шарапаты тиген.
Қазір Жаркент өңіріндегі барлық елді мекендерде түгел дерлік жаңа мешіт үйлері салынып, пайдалануға берілді. Осының бәрі өңірдің қаржылы азаматтарының қолқабысымен атқарылған ғибратты іс. Біздің ойымызша ендігі жерде қалталы азаматтар Жалғас пен Жандостың бастамасын қолдап, халыққа өте қажетті әлеуметтік нысандар салуға бет бұрғаны абзал.
Мырзағали НҰРСЕЙІТ,
Тұрпан ауылы.