Алматыда Абай атындағы Опера және балет театрында Қазақстан жазушылар одағының кезекті XV құрылтайы өтіп жатыр, деп хабарлады ҚазАқпарат.
Жазушылардың басты жиынында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын оқып берді. Жиында негізгі баяндама жасаған Жазушылар одағының қазіргі төрағасы Нұрлан Оразалин қаламгерлер одағы атқарған жұмыстарға кезең-кезеңімен шолу жасап өтті.
«Қазақстан жазушылар одағы Кеңес одағы кезіндегідей идеологиялық құрал емес. Олай болуы да мүмкін емес. Біз құқықтық қоғамда өмір сүріп жатқан еркін қаламгерлердің еркін бірлестігіміз. Ондаған, жүздеген қоғамдық ұйымдар сияқты біз де қоғамдық бірлестіктердің бірі ғанамыз. Заңда көрсетілген талаптарға сай жарғымызда көрсетілген баптарға байланысты өмір сүруге міндеттіміз. Бүгінде одақтың құрамында 780-нен астам қаламгер бар. Әдебиет дейтін киелі ұйымға 84 жыл ие болған Жазушылар одағының жұмысын түгел түгендеу мүмкін емес, біз соңғы 5 жылда атқарылған жұмыстарды айтып шықтық. Ұйым одақ негізін қалаған Алаш арыстары заманында да, одан кейін Мұхтар, Ғабиттер басшылық еткен кезеңде де жойылып кетпеген. Жазушылар одағында өткен 22 жыл мен үшін үлкен мектеп болды. Барлығыңызға алғысымды айтамын. Өзіме бата берген ағаларым аруағы алдында басымды иемін. Осы мінбеден барлығыңызға ризашылығымды айта отырып, төрағалыққа сайлауға түспейтінімді жеткізгім келеді. Енді жаңадан сайланатын бауырларымызға сәттілік тілеймін. Әдебиетіміз мәңгі болсын!», - деді Нұрлан Оразалин.
Нұрлан Оразалин баяндамасында әдебиетке қолдау білдірген бірқатар облыс әкімдері мен Алматы қаласы әкімі Бауыржан Байбекке алғысын айтып, жас жазушылардың әдебиет әлеміне жол ашқан коммерциялық ұйым басшыларына ризашылығын білдірді.
Айта кетейік, бүгінгі құрылтайда Жазушылар Одағының жаңа басшысы сайланады деп күтілуде.